Республикалық БАҚ өкілдері Шымкентте

Республикалық БАҚ өкілдері Шымкентте

Бүгін республикалық БАҚ өкілдері Шымкент қаласындағы өндіріс орындарын аралап, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты, - деп хабарлайды Shymkentaqparat

Журналистер алдымен «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Nurtau distribution company» кондитерлік фабрикасында болды.

Компанияның атқарушы директоры Ұлжалғас Ескендірқызының айтуынша, фабрика тәулігіне 3 тонна кәмпит пен 3 тонна сағыз өндіреді екен.

— Мұнда 200 адам екі ауысыммен жұмыс істейді. Кәмпиттің 20 түрін, ал, сағыздың 25 түрін өндіреміз. Күніне 6 тонна өнім өндіреміз. Біздің өнімдер экологиялық тұрғыда таза, оның құрамында адам ағзасына зиян келтіретін ешқандай қоспалар жоқ. Сондықтан өнімдерімізге сұраныс өте жоғары, — деді ол.

Мұнан кейін тілшілер аталған индустриалды аймақтағы «Болашақ – 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің түрлі сусындар шығаратын зауытына барды. Жалпы аумағы 2 гектарды алып жатқан бұл кәсіпорынға 1 миллиард 30 миллион теңге инвестиция құйылған. Конпания басшысы Нұрлан Омаровтың айтуынша, мұнда жылына 34 миллион бөтелке сусын құйылады. Оның ішінде минералды ауыз су, гуаздалған және энергетикалық сусындар бар.

Республикалық БАҚ өкілдері «AZALA Textile» компаниясының мата-тоқыма фабрикасының жұмысымен танысты. Жылына 2 800 тонна жіп пен 14 миллион метр мата өнімдерін өндіретін бұл фабрика отандық жеңіл өнеркәсіптің көшбасшыларының бірі. Жоғары сапалы өнім шығаратын компания өз тауарларын Латвия, Литва, Германия, Италия, Польша және ТМД-ның бірқатар елдеріне экспорттайды.

— Біз бүгін Шымкенттегі «Тассай», «Оңтүстік» индустриалды аймақтарында және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан көптеген кәсіпорындардың жұмысымен таныстық. Шымкентте жеңіл өнеркәсіптің, соның ішінде тамақ және тоқыма өнеркәсібінің өте жақсы дамып келе жатқанын өз көзімізбен көрдік. Әсіресе, индустриалды аймақтар инвесторлар үшін өте қолайлы екен. Өйткені, бұл жерде кәсіпорын ашқысы келетін инвесторға жер телімі тегін беріледі, оған қоса барлық инженерлік-инфрақұрылымдық желілер бюджеттің есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақтағы компанияларға да түрлі салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Осының бәрі отандық өндірістің дамуына мүмкіндік беріп отыр. Шымкентте өндірілген тауарлардың нарықта бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие болып жатқанына қуаныштымаз, – деді республикаға белгілі журналист Серік Жанболат.

Айта кетейік, тілшілер қауымы «Сп «Люкс шуз», «Шымкент кашемир», «АГФ Груп», «Назар Текстиль» және өзге де кәсіпорындарда болды.

Фото: Серік Қосаев