Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов шаhардағы эпидемиологиялық ахуал жөнінде қала әкімдігінің "Instagram" парақшасында тікелей эфирде сұхбат берді.
Басқарма басшысы қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін, ревакцинациялау жұмыстары кестеге сәйкес атқарылып жатқанын атап өтті. Өткен тәулікте қалада 2 КВИ жағдайы тіркелді (белгілері бар -2, белгілері жоқ -0). 1 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 1 адам үй бақылауына алынған. Қалада төсек-орын толымдығы 9,8 %-ды құрайды, 175 төсек-орын бос.
Бір тәулік ішінде қалада 27 адам вакцина салдырды (I компонент-7, II компонент-20). Pfizer вакцинасының I компонентін 60 167 адам, II компонентін 40 982 адам қабылдады. Вакцинаның үшінші дозасымен 159 440 адам ревакциналанды.
«Комирнати» (Пфайзер) вакцинасы бойынша медицина қызметкерлеріне, 50 және одан жоғары жастағы адамдарға, сондай-ақ, бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға КВИ-ге қарсы ревакцинациялау жүргізілуде.
Жалпы эфир барысында тұрғындар тарапынан 40-тан астам сауалдар қойылды. Басқарма басшысы азаматтардың емханалардың жұмыс сапасы, ревакцинациялау, бетперделік режимді сақтау және тағы басқа мәселелер бойынша қойған сауалдарына жан-жақты жауап берді.