Өрт сөндіруші: Ең үлкен награда – халықтың алғысы

Өрт сөндіруші: Ең үлкен награда – халықтың алғысы

Қанат Рсымбетов 18 жылдан бері өрт сөндіру саласында қызмет етіп келеді.

Өз ісінің білгірі өрт сөндіруші болуды бала күнінен армандапты. Арманы алға жетелеген кейіпкеріміз еңбек жолын 2003 жылы Шымкент қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімінен бастаған. Бүгінде ол қазір осы мекемеде бөлімше командирі қызметін атқаруда.

Өмір мектебі мен қызмет жолындағы тәжірибесін жас буынға үйретуден жалықпайтын Рсымбетов өзінің де біліктілігін шыңдауды да қатар алып жүреді.

- Мен өз қызметіммен мақтан етемін. Себебі жауапкершілігім мен жылдамдығым бір өмірдің үзілмеуіне үлес қосады. Сондықтан өз міндетімді мүлтіксіз атқарумен бірге өзгеге де бар білгенімді үйреткім келеді, - дейді білікті маман.

Қанат Рсымбетов осы саладағы қызметкерлер арасында ұйымдастырылатын спорттық жарыстарда да жеңіс тұғырынан көрінеді. Өзі жетекшілік ететін бөлімдегі мамандардың психологиялық дайындығына да көңіл бөліп, түрлі сабақтар мен психологтың қатысуымен тренинг ұйымдастырады. Ал Рсымбетов мұндай сабақтарға өзі де белсене қатысады.

Бар ғұмыры мен күш жігерін өрт сөндіруге арнаған кейіпкеріміздің омырауында жасаған ерлігі үшін төс белгісі болмаса да ең үлкен награда халықтың алғысы деп деп біледі. Ел алдында осындай абыройға кенелгенін көрген Қанат Зиятұлының кіші ұлы әке жолын қуып, өрт сөндіруші болуды армандайды екен.

Талай жанды ажалдан арашалаған, өз саласының үздігі, азаматтық қорғау старшинасы Қанат Рсымбетов бейбіт күннің батыры, халық құрметіне ие болған – құтқарушы.