Симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды

Симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды

Бүгінгі өткен Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды баяндай келе, жақын байланыста болған және сиптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі қысқартылғанын мәлімдеді.

«Жақын байланыста болған және сиптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 14 күннен 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл ретте 7 тәуліктен кейін ПТР-зерттеудің теріс нәтижесі болған кезде карантин аяқталады. Егер қандай да бір себептермен 7 тәулікке арналған ПТР-тест тапсырылмаса, онда карантин тестті қосымша тапсырусыз 10-шы күні аяқталады», - деді министр.

Селекторлық жиынға қатысқан Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Ведомство басшысының тапсырмаларынан соң басқарма басшылары және аудан әкімдерімен қаладағы эпидахуалды талқылады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов Шымкент қаласында жыл басынан бері коронавирус жұқтырғандар саны 5420-ға жеткенін, емделіп шыққан науқастардың саны 451, өкінішке орай 20 науқас қайтыс болғанын айтты. Алдыңғыға қарағанда бұл аптада вирус жұқтырушылар санының азайғанын көруге болады. Өткен тәулікте Covid-19 инфекциясын жұқтырудың 85 жағдайы тіркелді.

Бүгінге 4 949 науқас емделіп жатыр, оның ішінде стационарда 394 науқас, 4 555 науқас үй жағдайында амбулаторлық ем қабылдауда. Инфекциялық стационарлар ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жүргізілген болатын. Қалада 828 төсек-орын жасақталып тұр. Қазіргі таңда 394 азамат стационарлық емделуде. Төсек-орын толымдылығы 47% құрайды, 434 төсек орын бос. Жансақтау бөлімінде 131 төсек орын бар, онда 48 азамат ем қабылдауда, 83 төсек орын бос. Толымдылық – 36 пайыз.

Қалада 45 екпе егу бекеті бар. 1-ші компонентпен 594 774 адам, 2-ші компонентпен 581 276 адам егілді. Тиісті контингенттің (596205 адам) 1-ші компонентпен 99,8%, 2-ші компонентпен 97,5% вакцинацияланды.