Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың баспаналы болуына барынша қолдау көрсетілуде. Қалалық Тұрғын үй басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері аз қамтамасыз етілген 1090 азаматқа жаңа тұрғын үйден жалға алу және ипотеканың жеңілдетілген түрлері негізінде пәтер берілген, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Биыл үй кезегінде тұрған 2 696 қала тұрғыны арендалық және «5-20-25», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша үйлі болды. Барлық пәтер "Нұрсәт", "Тұран" және "Шымсити" мөлтек аудандарында бой көтерген тұрғын үйлерден үлестірілді.
– Азаматтарды баспанамен қамту мәселесінде әлеуметтік қолдау жіті назарда. Жеңілдетілген бағдарламалар бойынша пәтер алу үшін ол азамат біріншіден үй кезегінде тұрған болуы қажет. Табыс мөлшерінің жеткіліксіздігі мен соңғы 5 жылда оның және отбасы мүшелерінің меншік құқығында үйі болмауы ескеріледі, - дейді Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Ордабекова.
Шымкент қаласында тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мәселен, келесі жылдың бірінші жарты жылдығында «Жастар» бағдарламасы бойынша және көпбалалы отбасы санаты мен аз қамтамасыз етілген азаматтарға бір мыңға жуық пәтер үлестірілетін болады.
Қолда бар мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда 40 мыңнан аса қала тұрғыны үй кезегінде тұр. Оның ішіне ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен мемлекеттік, әскери және бюджеттік ұйым қызметкерлері кіреді.