Қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы 31 012 адам вакцина салдырды, - деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі
Вакцина салдырғандардың ішінде түрлі сала өкілдері бар. Екпені ерікті түрде салдырғандардың бірі – «Мұзарт» тобының әншісі, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы" директоры Сәкен Майғазиев.
Белгілі әнші вакцина салдырған видеосын өзінің инстаграм парақшасында бөлісті.
- Халқымнан, президенттен, имамдардан, мұғалімдерден, мемлекеттік қызметкерлерден, медицина, полиция қызметкерлерінен әулие емес шығармын, көппен көрген ұлы той, кеше мен де "Спутник V" екпесін салдырдым. Ешкім мәжбүрлеген жоқ, мен де ешкімді үгіттемеймін. Былтырғыдай өлім-жітім көбеймесе екен, ең болмаса таралуына себепші (носитель) болмасам екен деген ниет. Оқшауланып, қашықтықтан жұмыс жасап, (тойхананың асханасынан кіріп(қалжың))) шаршадық. Кеше жариялайын дедім де, бүгін қандай әсерде болғаныммен бөліспекке бел будым. Бір Аллаға шексіз шүкір, жағдайым жақсы. Таңғы төртте тұрсам терлеп жатыр екем. Ешқандай ауыртпалық сезбедім, - деді Сәкен Қордабайұлы.
Сондай-ақ, вакцинаны белгілі жайдарманшы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ерлан Айтбаевта салдырды.
- Кеше мен ерікті түрде вакцина салдырдым... Хал-жағдайым жақсы. Қазір өзімді және жақынымды індеттен қорғаудың әзірше жалғыз жолы – вакцина салдыру деп санаймын. Ұжымда жұмыс жасаған соң, қауіпсіздігім үшін бұл шешімге бардым. Және сіздерді де өз денсаулықтарыңыз үшін екпені салуға шақырамын, - деді Ерлан Айтбаев.
Әзірге қазақстандықтарға ресейлік "Спутник-V" вакцинасы салынып жатыр. Отандық вакцина сәуірдің соңында дайын болады.