Шымкент қаласында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаладағы 11 елді мекенге байланыс операторлардың базалық станциясы орнатылды, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала тұрғындары бірнеше елді мекенде интернет пен байланыс операторлар желісінің төмендігі туралы шағымданған болатын. Аталған мәселені шешу мақсатында Цифрландыру басқармасы тарапынан арнайы мониторинг жүргізіліп, интернет желісі төмен шағын аудандарға базалық станция орнату жұмыстары қолға алынған.
Қазіргі таңда Асар мен Шымсити шағын аудандарына базалық станцияны орнату жұмысы аяқталуға таяп қалды. Станция электр энергиясына қосылғаннан кейін аталған аудан толық сапалы интернетпен қамтылады.
Интернет желісімен қамту жұмысы Абай ауданы Достық (солтүстік-саяжай) тұрғын алабында да атқарылып отыр. Қазір бұл жерде базалық станцияны орнату үшін монтаждау жұмысы жүргізілуде.
Осы бағытта атқарылған жұмыстар қала әкімінің тікелей жіті бақылауында. Сондай-ақ, қала тұрғындарын сапалы интернет желісімен қамту жұмыстары 2021 жылы да жалғасады.