Шымкент қаласының мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚО) 2020 жылдың 10 айында 290 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде 63 394 азаматқа жүргізуші куәлігі берілген, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация филиалының директоры Данабек Исабековтың айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артып отыр.
Үшінші мегаполисте 10 ХҚО жұмыс істейді, оның ішінде үшеуі мамандандырылған және көші-қон қызметін көрсету орталығы.
Қазіргі уақытта Достық шағынауданының және 196-орам, 381/1 мекенжайындағы мамандандырылған ХҚО-да тұрғындар автокөліктерін қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін алып, практикалық емтихан тапсыра алады.
Сондай-ақ, орталық ғимаратында жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өтуге болады. Күн сайын мұнда 200 жүргізуші куәлігі беріліп, 600-ден астам көлік құралы есепке алынады екен.
Естеріңізге сала кетейік, электрондық үкімет порталы арқылы жүргізуші куәлігін ауыстырып, нөмірлік белгіні таңдап, автокөлікті есепке қойып, тіпті мемлекеттік нөмір мен куәлікті онлайн жеткізуді ресімдеуге болады. Жалпы, жыл басынан бері мамандандырылған ХҚО арқылы 226 924 автокөлік тіркеліп, 63 394 жүргізушіге куәлік берілді.
Мамандандырылған ХҚО мекенжайлары:
№1 мамандандырылған ХҚО: Достық ш/ауд;
№2 арнайы ХҚО: 119-орам, 381/1, Ташкент айналма жолы;
№3 арнайы ХҚО: Қызылжар ш/ауд, Жиделібайсын көшесі, 92. «Бекжан-комфорт».
Жұмыс кестесі: Дүйсенбі-жұма 09:00-ден 18.00-ге дейін үзіліссіз.