Шымкент «Бақ қалаға» айналады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта халық алдында есеп беру кездесуінде айтты.
Бүгінде халыққа қолайлы қала бағыты бойынша басты мақсат Шымкентті қайтадан бақ қалаға айналдыру көзделіп отыр. Қазіргі қалада 6 миллионға жуық жасыл желек бар.
Айта кетерлігі, былтыр 2021-2025 жылдар аралығында Жасыл белдеу қалыптастырудың жоспарын бекітілген болатын. Жоспар бойынша 6,5 млн. түп ағаш егілмек. Ол биыл күзде бастау алмақ. Соның нәтижесінде қаладағы ағаш қоры екі есеге артады.
- Қазір қалада жалпы аумағы 244 гектарды құрайтын 9 саябақ және 37 гектарлық 39 гүлзар мен аллея бар. Енді қалада 40 гектарға жуық жерге «Шым Ситиден» саябақ салу, сонымен бірге төрт гүлзар салу көзделіп отыр, - деді қала әкімі.
Сонымен бірге биыл Шымкентке ауаның ластануын қадағалайтын 26 датчик орнатылады. Сол датчиктердің ақпаратын қала тұрғындары ЛЭД-экрандар, телеарналар және әлеуметтік желілер арқылы біліп отырады.