Мемлекеттік құрылым қызметінің әртүрлі бағыттарына байланысты кез келген ақпаратты жариялау үшін қолыңызда оның растығын дәлелдейтін құжат болуы шарт. Әсіресе, «қалалық дендросаябақтың жерлерін элиталы тұрғын үй салу үшін жеке адамдарға беріп жатыр» дейтін сенсация-сымақ хабарды тарататын болсаңыз сөзіңіз құжаттармен дәлелденуі тиіс. Бұл қағиданы кез келген журналист білуге және орындауға міндетті.
А.Асқаров атындағы дендросаябақ директорының орынбасары Н.Сахановтың мәліметі бойынша, дендросаябақ бүгінде мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып есептеледі және қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының ведомствалық бағынысында. Оның аумағы 117,0400 гектарды құрайды.
2021 жылы саябақ аумағында веложолақ салынған кезде қала әкімінің қаулысымен Шымкент қаласы құрылыс басқармасының қарауына уақытша берілген. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 2022 жылдың сәуір айында қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының басқаруына қайта өткізілді.
Ал, дендросаябақтың аумағына қатысты тоқталар болсақ, ол 2019 жылы да, 2020 жылы да, 2021 жылы да 117 гектар болған. 2022 жылы да сол қалпында өзгеріссіз қалып отыр.
Дендросаябақ аумағынан жеке тұлғаларға құрылыс жүргізу үшін бір тұтам да жер берілген жоқ. Бұған тиісті мемлекеттік құрылымдарға жүгіне отырып көз жеткізуге әбден болады.
Әлеуметтік желілерде таралған Шымкент дендросаябағы аумағының қысқаруы жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды.
Журналистер мен блогерлерден ақпаратты жариялаудан бұрын жан-жақты зерттеп, шындыққа сәйкестігіне көз жеткізіп алуды сұраймыз.
Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы