Шымкент қаласының денсаулық сақтау мекемелері озық үлгідегі жаңа технологиялармен жабдықталып, науқастарға қызмет көрсету сапасы жыл санап артып келеді, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Мәселен, кардиологтар осы жылдың 11 айында жүрегінде ақауы бар 2 235 науқасқа жоғары технологиялы медициналық құрылғыларды пайдалана отырып, сәтті ота жасаған. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Басқарма мамандарының хабарлауынша, трансплантологиялық операцияларды жасайтын №1 қалалық клиникалық аурухана науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.
Аталған медициналық ұйымда 7 блоктан тұратын ота жасау бөлімі мен бүйрек пен бауыр алмастыратын "гепатопанкреатобиларлық хирургия" бөлімі орналастырылған.