Шымкент: Сенат депутаттары жұмыс сапарымен келді

Шымкент: Сенат депутаттары жұмыс сапарымен келді

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Күні кеше халық қалаулылары әуелі қалалық мәслихат депутаттарымен және қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Жиын барысында Сенат мүшелері ҚР Парламенті Сенатының 2020 жылғы қызметінің қорытындыларымен бөлісті. Сонымен бірге қоғамдық кеңес қызметінің мәселелері бойынша жуырда қабылданған жаңа заңның негізгі бағыттары туралы хабардар етті.

Айта кетейік, аталған заңда қоғамдық кеңестердің ұйымдық тиімділігін, демократиялылығын, жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ететін және оларды қалыптастыру және құру тетігін жетілдіру көзделген.

Кездесу барысында Мәслихат депутаттары және бірқатар қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенділеріне атқарған қызметі бағаланып, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М. Әшімбаевтың атынан Құрмет грамотасы мен Сенат төрағасының Алғыс хаттары табысталды.

Ал, бүгін Сенат депутаттары 17 мыңнан астам тұрғыны бар Маятас тұрғын алабының жұртшылығмен кездесті. Кездесу барысында депутаттар қалаға қосылған елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жайында, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар төңірегінде сөз қозғады. Тұрғындар жергілікті әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға алғыстарын айтып, өзен маңайын абаттандыру және ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Айта кету керек, қалаға қарасты Маятас, Елтай және Тоғыс тұрғын алаптарындағы Бадам өзені үстінен өтетін көпірлерге былтыр жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Одан әрмен жұмыс сапары барысында қос депутат «MEDIKER» медициналық орталығын аралап көрді.

Мұнда қаладағы алғашқы спорттық медицина орталық жұмыс істейді. Шымкентте баламасы жоқ бірегей қажетті құрылғысы бар орталықта тұрғындарға медициналық қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Сонымен қатар мұнда кәсіпқой спортшылар дайындық пен оңалту процестерін өте алады. Орталық тәулігіне 300-ге дейін науқас қабылдауға қауқарлы.