Шымкент трансплантация орталығына айналады

Шымкент трансплантация орталығына айналады

Шымкент қаласында соңғы бір айдың ішінде алты трансплантация отасы жасалған. Пандемия жағдайына қарамастан үшінші мегополисте ағза алмастыру отасы қарқынды дамуда.

Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент бірінші трансплантация орталығына айналмақ.

– Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасында өткізілген трансплантация хирургиялық тәжірибеде үнемі қолданылып келеді. Сондай-ақ, осы жылы шетелдік әріптестерімізбен бірге туыстық бауыр трансплантациясы бойынша 2 мастер-класс өткіздік. Соңғы жылдары елімізде трансплантология дами бастады. Өздерінің жақындарына донор болған сәтті оталар осыны дәлелдейді. Болашақта Шымкент трансплантация орталығына айналады, – деді Б.Позилов.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасында 2016 жылдан бері ағза алмастыру отасы жасалып келеді. Бүгінге дейін қалада 166 бүйрек және 24 бауыр алмастыру отасы жасалған.