ШЫМКЕНТТЕ 16 ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК БАР

ШЫМКЕНТТЕ 16 ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК БАР

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен Қазақстан Халықтар Ассамблеясының құрылымдары және қалалық этномәдени бірлестіктерінің төрағаларымен кездесу жиыны өтті, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Қаладағы мемлекеттік этносаясаттың жүргізілу барысымен танысып, қатысушылардың ұсыныс, пікірлерін тыңдаған шаһар басшысы алдағы кезеңдерде қаланың өсіп-өркендеу жолындағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыратынын жеткізді.

Қазақстан Халықтар Ассамблеясы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен құрылған болатын. Міне, содан бері ширек ғасыр уақыт өтті. Талай қиын-қыстау күндерде бүтін бір ұлт болып ұйысып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, елдің татулығы жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Елдің мызғымас бірлігі – тәуелсіздігіміздің кепілі, - деді қала әкімі.

Кездесуде қаладағы этносаралық ахуал және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ербол Байқонақов баяндады.


Пандемия ахуалындағы шектеулерді ескере отырып, жұмыс ауқымын онлайн-форматта жүргізуге басымдық берілді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында қоғамдық диалог алаңдары құрылды. Сонымен қатар, карантин кезеңінде этнос өкілдерінің қатысуымен «Абай оқулары» эстафетасы, «әл-Фараби тағылымы» танымдық акциясы, «Мен Туыммен мақтанамын» челленджі, «Қаламның тарихи орындары» онлайн-саяхаты, «Мемлекеттік тіл – тұғырым» вебинары, «Елбасы жолымен» танымдық экспедициясы, «Тәуелсіздік табыстары» лекциялары ұйымдастырылды, - деді Е.Байқонақов.

Ербол Сүлейменұлының мәлімдеуінше, қазіргі таңда миллионды шаһардың ұлттық құрамында қазақтар 66,7%, өзбек 17,7%, орыс 9,1%, өзге этностар 6,5 пайызды құрап отыр. Қалада жыл сайын әр этномәдени бірлестік өзінің тілі мен мәдениеті және дәстүрі күндерін атап өтеді.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам түрлі этнос өкілдері алаңсыз еңбек етіп, өзара тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ал Қазақстан Халқы Ассамблеясының қарамағында 16 этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Қаладағы орта арнаулы оқу орындарында 29 «Достық» клубы ашылған.