ШЫМКЕНТТЕ 200 БАЛА ПРЕЗИДЕНТ АТЫНАН ЖАҢАЖЫЛДЫҚ СЫЙЛЫҚТАР АЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ 200 БАЛА ПРЕЗИДЕНТ АТЫНАН ЖАҢАЖЫЛДЫҚ СЫЙЛЫҚТАР АЛДЫ

Шымкент қаласының 200 кішкентай тұрғыны Президент атынан жаңажылдық сыйлықтар алды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов солардың ішінде төрт баланың отбасына арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан келген құттықтау хатын оқып, сыйлықтарын табыстады, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

- Келе жатқан Жаңа жылың құтты болсын! Бұл мереке саған көп жақсылық әкелсін! Білім жолындағы талабыңа нұр жаусын! Қанатың талмасын! Сенің елін сүйетін ұлтжанды әрі саналы азамат болып өсуіңе тілектеспін. Арман-мұратыңа жете бер! - делінген құттықтау хатта.

Ертегілер әлеміне енетін ғажайып кітаптар мен сый-сыяпаттарға ие болған балақайлар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүрекжарды алғыстары мен тілектерін жеткізді.

Президент сыйлығын алған балаларды әрбір мектеп жанынан құрылған арнайы Қамқоршылық кеңесі шешті. Кеңес құрамына ата-аналар, депутаттар мен кәсіпкерлер кіреді. Кеңес мүшелері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 200 оқушыны іріктеп алды. Іріктелген тізім Білім басқармасы жанынан арнайы құрылған комиссияның қарауынан өтті. Комиссия құрамына «Адалдық алаңы» өкілдері, қоғам белсенділері және блогерлер енді.

Сыйлық үлестіруде түрлі тағдыр теперішін көрген отбасының балалары, мүгедектер және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге басымдық берілді. Қалған 196 балаға сыйлықтары пошта арқылы табысталды.

Мерекелік іс-шара эпидемиологиялық-санитарлық талаптарды сақтай отырып, ұйымдастырылды.