Шымкентте 41 шақырым жылу құбыры жаңартылады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Шымкент қаласының тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында шаһардағы 81 тұрғын алабының 65-і сапалы электр қуатымен қамтылған.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты.
Өткен жылы қаланың 13 тұрғын алабында электр желісінің құрылысы аяқталып, 23 мыңнан астам адам сапалы электр желісіне қосылған болатын. Нәтижесінде, қамту көрсеткіші 93 пайыздан 95 пайызға жоғарылаған.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, қала, әсіресе қаланың шеткі елдімекендеріндегі тұрғындарын инженерлік-инфрақұрылым желілерімен толықтай қамтамасыз ету басты міндетте тұр. Осы орайда инфрақұрылымдық мәселелер бойынша ешқандай мәселелер болмауы тиіс, - деді қала әкімі.
Осы мақсатта биыл 10 тұрғын алабында электр желілерінің құрылысы пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам адам сапалы электрмен қамтамасыз етіледі. Қамту көрсеткішін 97 пайызға жеткізу жоспарланған.
Шаһар басшысының айтуынша, қалаға сапалы жылу беру үшін өткен жылы 15 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл тозығы жеткен 41 шақырым жылу құбыры жөнделіп, құбырлардың тозу деңгейі 38 %-дан 37 %-ға төмендейді.