Шымкентте 7 690 адам жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау бойынша диверсификация мен технологияға негізделген экономика құруды тапсырды. Осы бағытта өткен жылы қалада индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен құны 38 млрд теңгеге 22 жоба іске асты. Онда мыңнан аса жұмыс орны ашылды, – деді М.Әйтенов.
Қала әкімінің айтуынша, шаһардағы үш өндірістік аймақ бойынша 110 кәсіпорында 7 690 адам жұмыспен қамтылған. Одан бөлек, биыл 39 млрд теңгеге 16 жоба іске асырылмақ. Яғни, 800-ден аса жұмыс орны ашылады.
Айта кетейік, өндірістік аймақтар бойынша қалада тек өткен жылдың өзінде бюджетке 7 млрд теңгеге жуық салық түскен.