Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі штаб отырысы өтті. Жиында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов шаһардағы эпидемиологиялық ахуалды және бірқатар өзекті мәселелерді баяндады.
Қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Шымкент қаласы бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай бойынша «сары аймақта» орналасқан.
Басқарма басшысының айтуынша, қалада 40-тан астам бекетте вакциналау жүргізілуде. Егу науқаны басталғалы барлығы 558 108 адам вакциналанды. Оның ішінде 526 313 адам екпенің екі компонентін алды.
Азаматтарға вакцинаның: Спутник, QazCovid-In, Hayat-Vax, CoronaVac, Vero Cell түрлері егілуде.
Қала әкімдігі жанынан ашылған call-center тәулік бойы жұмыс істеуде. Бүгінде қалада Ashyq жобасына қосылған бизнес субьектілерінің саны 8 828-ге жетті. 715 тұрғыннан «сары» статус, 2030 тұрғыннан «қызыл» статус анықталған.
Сондай-ақ, бүгінге дейін барлық аудан бойынша 47 208 нысанға тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 2674 карантиндік талаптарды бұзу фактілері тіркеліп отыр.
Қала әкімі тұрғындарға вакциналаудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін мәлімдеді.