Шымкент қаласында өткен жылы индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 38 млрд теңгеге 22 жоба іске асып, мыңнан астам жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қала әкімі Мұрат Әйтенов халық алдындағы есепті жиынында кәсіпкерлік саласындағы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Қалада үш өндірістік аймақ жұмыс істейді.
Біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Елуден астам кәсіпорын құрылады. Жоба құрылысын осы жылдың маусым айында басталады.
Екіншісі – қаланың батыс бөлігінде аумағы 136 га жерге заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендерін салу бойынша 28 жобаны іске асыру көзделуде.
Үшіншісі – қаланың солтүстік бөлігінде «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы да кәсіпкерліктің көзі. Ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеп, дайын өнім шығаратын бұл аймақтар Шымкентті агроөнімдерді өңдейтін орталыққа айналдырады.
Жалпы ауылшаруашылық саласында былтыр құны 5 млрд теңгеден астам қаржыға 10 жоба іске асырылды. Салада өндіріс 4,4 пайызға өсіп, 36 млрд теңгеге жетті. Биыл 16 млрд теңгеге 32 жобаны іске асырып, 1700-ден астам жұмыс орны ашылады.