Шымкентте «Донор бол, өзгеге өмір сыйла» акциясы өтті

Шымкентте «Донор бол, өзгеге өмір сыйла» акциясы өтті

1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Донор бол, өзгеге өмір сыйла» қалалық қан орталығында қан тапсыру акциясы өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Birgemiz Saulyq жалпыұлттық жоба аясындағы шараны Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Акцияның мақсаты - ұжымдық белсенділікті арттырып, қанға мұқтаж жандарға көмектесу.

Акцияға қала тұрғындары, қалалық мәслихат депутаттары мен фракция мүшелері, жастар ұйымдары, жас блогерлер, спортшылар мен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. Жалпы 200-ге жуық адам қан тапсырды.

Донорлар тапсырған қан хирургиялық аурулар, гематологиялық, гинекологиялық ауруларға, ауыр жол апатына түскен науқастарға құйылады.

- Донорлық - өз қаныңды мұқтаж жанға сыйлау, оның өмірін құтқару. Игі істер аясында бастау алған акция 4 маусымға дейін жалғасады. Белсенді жастар мен әр саланың мамандары орталыққа келіп қан тапсырып жатыр. Азаматтарды игі шараға қатысуға шақырамыз, -дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Ерлан Айтбаев.


Қалалық қан орталығының директоры Амангелді Нұрлыбаевтың айтуынша, кез келген адам қан тапсырмас үшін медициналық тексеруден өткізіледі. Ал жалпы қандағы гемоглобин мөлшері төмен адамдарда (әйелдерде -110 г/л, ерлерде -120 г/л) донор бола алмайды. Мұнан бөлек, ота жасатқандарға, тісін емдетіп жұлдыртқандарға, дәрі-дәрмек тұтынғандарға, екпе салдырғандарға донор болуға уақытша шектеу қойылады.