Шымкентте өңірлік экспорттаушылар кеңесі өтті

Шымкентте өңірлік экспорттаушылар кеңесі өтті

Шымкент қаласы әкімдігі экспортты дамыту бойынша, Zoom арқылы шаһардағы жұмыс істеп тұрған және әлеуетті экспорттаушылар үшін 2021 жылдың алғашқы өңірлік экспорттаушылар кеңесін өткізді, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Онлайн кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы, «Kazakh Export» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ өкілдері және Шымкент қаласы бойынша «Атамекен» ҰКП және аудан әкімдері, Шымкент қаласының 35 ірі экспорттаушы кәсіпорындары қатысты.

Кеңесте кәсіпорындарды акселерация бағдарламасы, көлік шығындарын өтеу, экспорттаушыларды қолдаудың өзге де құралдарымен және экспорттаушыларды қаржылық-сақтандыру арқылы қолдау шараларымен таныстырылды.Сондай-ақ, отырыста кәсіпкерлердің проблемалық мәселелері де талқыға түсті.

Басқосуда қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев қаладағы экспорттың қазіргі жағдайы мен экспорттық әлеуеті туралы айтты.

- Экспорттаушыларды қолдаудың мемлекеттік шараларын кеңейту және оларды бір терезеге шоғырландыру қала өндірушілеріне елеулі қолдау көрсететеді. Сондай-ақ, экспорттық желіні кеңейтеді. Сыртқы нарықтардағы отандық өнім көлемін арттыратын болады, - деді қала әкімінің орынбасары.

Айта кетерлігі, Шымкентте машина жасау, металлургия, тамақ өнімдер және жеңіл өнеркәсібінде, сонымен бірге, фармацевтика және құрылыс өнімдерін өндіру салаларында 35 белсенді экспорттаушы компания жұмыс істейді.