Шымкентте қауіпті вирусты жұқтырушылар қатары көбеюде

Шымкентте қауіпті вирусты жұқтырушылар қатары көбеюде

Шымкент қаласында соңғы аптада коронавирус инфекциясы ауруына шалдыққандар саны күрт көбейген. Мәселесен, өткен тәулікте індет жұқтырудың 141 жағдайы тіркелген. Эпидемиологиялық ахуал көрсеткіші бойынша бүгін қала «қызыл аймаққа» өтті.

Covid-19 инфекциясын алдын алу бойынша бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалымен штаб отырысы өтті.

Жиында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Пазилов эпидемиялогиялық жағдай өршігенде, инфекциялық төсек орындар саны бес мыңға дейін көбейтілетінін айтты. Сонымен бірге екі айлық дәрілік қор мен медициналық ұйымдар үш айлық қажетті жабдықтармен қамтылғанын баяндады.


«Бүгінгі күні қалада инфекциялық 253 төсек орын бар. Төсек орын толымдығы 66%-ды құрайды, 86 төсек орын бос. Бүгінде инфекциялық стационарда 167 науқас емделуде, жансақтау бөлімінде 59 төсек орын бар, онда 13 науқас ем қабылдауда», - деді басқарма басшысы.

Шымкент қаласының басшысы эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсуіне байланысты барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтауға және мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.

Жиын соңында қала әкімі тағы да тұрғындарды коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында барлық ұсынылған шараларды сақтауға және вакцина алмаған азаматтарды екпе алуға шақырды.