Үшінші мегаполисте тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды енді арнайы құрылғы арқылы аяқтан тұрғызбақ. №2 оңалту орталығында ресейлік дәрігерлер В.Лебедев пен инженер И.Салаевтың және шаһардың бас дәрігері Б.Позиловтың қатысуымен «E-helper» экзоскелет жылжымалы механизмі сынақтан өткізіліп, пайдалануға берілді.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Жолдасбекұлының айтуынша, экзоскелет аяқтың әлсіздігі, үйлестіру бұзылыстары бар және ұзақ уақыт төсекте жатқан науқастарды оңалту үшін қолданылады. Мұндай құрылғы қаладағы оңалту мекемелеріне алғаш рет орналастырылуда.
– Экзоскелеттегі науқас, тіпті аяғы мүлдем әлсіз болса да, қозғалтқыштардың арқасында жүре алады. Жүруді қалпына келтіру мүмкіндігі бар экзоскелет миға нейропластика арқылы бұлшықетті бақылауды қалпына келтіруге көмектеседі. Егер жаяу жүруді қалпына келтіру мүмкіндігі болмаса, онда экзоскелет жүрек ауруларының, қан тамырларының, остеопороздың алдын алу үшін пайдалануға болады. Экзоскелетпен жүргенде пациент табиғи тік қалыпта физикалық белсенділігін арттырады. Экзо-реабилитацияның көптеген қосымша оң әсерлері бар. Бұл экзоскелет әртүрлі жүйке аурулары бар балаларды кешенді емдеуге арналған, - дейді Б.Позилов.
Айта кетейік, №2 оңалту орталығы неврологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппаратының патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балаларды оңалтуға және кардиохирургиялық коррекциядан кейін емдеуге арналған. Орталықта жылына 2 мыңға жуық науқас бала емделеді. Балалар көрсеткіштер бойынша жоспарлы түрде қабылданады. Емдеу ұзақтығы – 18 күн. Орталықта невропатолог, кардиолог, ортопед, реабилитолог, психолог, логопед, дефектолог, еңбек терапевті сынды әртүрлі профильдегі білікті мамандар жұмыс істейді.