Шымкентте 2025 жылға қарай бастапқы медициналық-санитарлық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың орнына әр шағын аудан мен тұрғын алаптың өзінің толыққанды емханасы ашылады.
Бұл туралы бүгін Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездескен қала әкімі Мұрат Әйтенов айтты. Қазір Шымкентте көптеген елді мекендерде бастапқы медициналық-санитарлық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бар. Тұрғындар бейіндік дәрігерлерге қаралу немесе анализдер тапсыру үшін орталықтағы емханаларға баруға мәжбүр. Біз жеке инвесторлардың есебінен емдеу мекемелерін көбейтіп жатырмыз. Жоспарға сәйкес, 2025 жылға қарай дәрігерлік амбулаториялардың орнына әр шағын аудан мен тұрғын алаптың өзінің толыққанды емханасы ашылады. Онда барлық бағыттар бойынша бейіндік дәрігерлер мен заманауи медициналық құрал-жабдықтар болады және өз зертханалары жұмыс істейді. Емханаға түсетін жүктеме азаюының арқасында медициналық қызметтің сапасы да жақсарады, – деді М.Әйтенов.
Шаһар басшысының айтуынша, келесі жылы Шымкенттегі Бозарық елді мекенінен жеке инвестордың қаржысына 1 000 төсек орынды үлкен аурухананың құрылысы басталып, ол да 2025 жылға қарай іске қосылады.
– Мұндай аурухана әзірге тек біздің қалада ғана емес, бүкіл республикада жоқ. Ол 1 мың төсек орынды, көпбейінді аурухана болады. Онда ең соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар орнатылады. Инвестор елдегі ең білікті дәрігерлерді топтастыруды, сондай-ақ, шетелдер де білікті дәрігерлер алдыруды жоспарлап отыр. Мұндай аурухана Шымкентті медициналық туризмнің орталығына айналдырады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте медициналық мекемелердің материалдық техникалық базасын нығайтуға бюджеттен 6.2 миллиард теңге жұмсалған. Сондай-ақ, қалада жаңадан 1 мемлекеттік және 4 жекеменшік клиникалар ашылды.