Шымкентте қалалық №1 балалар ауруханасында тұңғыш рет сколиоз (омыртқаның қисаюы) дертінің ауыр түріне шалдыққан 10 жасар қызға күрделі операция жасалды.
Дәрігерлер ота барысында сколиозбен ауыратын баланың майысқан омыртқаларын түзеп, титаннан жасалған бұрандалармен бекітті.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы ортопедия бөлімінің жетекшісі Болат Нағыманов ота бірнеше сағатқа созылғанын, науқастың жағдайы қалыпқа келгенше реанимацияда бақылауда болатынын мәлімдеді. Әрі қарай оңалту кезінде науқас тиісті дәрігерлердің бақылауында болмақ.
Б.Нағымановтың айтуынша, шымкенттік дәрігерлер осы ота арқылы тәжірибелерін шыңдап отыр. Алдағы уақытта мұндай қиын операциялар Шымкентте де жасалады.
Ал, қалалық №1 балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Болат Нұсқабаев мұндай отаға 1,5-2 млн. теңге қаржы жұмсалатынын, дегенмен балаларға портал арқылы тегін жасатуға болатынын айтты.