Шымкенттің алдағы 5 жылға арналған даму бағдарламасы

Шымкенттің алдағы 5 жылға арналған даму бағдарламасы

Таяуда Шымкент қаласы мәслихатының сессиясында үшінші мегаполистің 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы қабылданған болатын. Жаңа бағдарлама аясында үш негізгі бағыт бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші бағытқа сәйкес, өнеркәсіп саласында 2021-2025 жылдары шетелдік инвесторлардың қатысуымен (Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Испания, Франция) кемінде 15 жоба іске асырылады. Оған 2,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда. Нәтижесінде 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

Сонымен бірге қала аумағындағы 136 га жерді қамтитын «Агроиндустриалды аймақ» құрылып,89 га өндірістік жылыжай салынбақ. Жоспарға сәйкес, жылыжаймен қатар, мал бордақылау және құс етін өңдеу бойынша 42 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Екінші бағыт бойынша 2021 жылы 10 елді мекенді сумен жабдықтау және 2022 жылға дейін 8 елді мекенді сумен қамтамасыз ету үшін тағы 3 магистралдық құбыр салу жоспарлануда. Мұнымен қоса, қаланың автокөлік инфрақұрылымын 2025 жылға дейін дамыту үшін бірқатар іс-шаралар қолға алынбақ.

«Әр қазақстандық үйлі болсын» демекші, ауқымды істер тұрғын үй саласында атқарылғалы тұр. Мәселен, 5 жылда 3 миллион шаршы метр баспана немесе 47 мың пәтер салу көзделіп отыр. Оның өзі кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Мәселен, биылғы жылы– 592,3 мың шаршы метр пайдалануға берілсе, келесі 2022 жылы – 602,8 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй салынбақ. Бұл көрсеткіш 2023 жылы – 610,8 мың шаршы метрді құраса, 2024 жылы– 624,1 мың шаршы метр және 2025 жылы – 632,3 мың шаршы метрді қамтитын болады.

Үшінші бағытқа сәйкес, 2021-2025 жылдары 24 мектеп және 13 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі толық шешіледі.

Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер орын алмақ. Ол үшін шетелдің заманауи технологиясымен жабдықталған 1 000 орындық көпсалалы аурухана, 10 медициналық мекеменің құрылысы басталады. Сонымен бірге, қаладағы жалпы 36 медицина мекемесінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жоспарлануда.

Дені саудың - жаны сау. Қаладағы спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында да 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 6 стрит-воркаут және 73 спорт алаңы ашылады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің филиалдары барлық шағын аудандарда жұмыс істейді.

Фото: ашық дереккөз