Шымкент қаласындағы балалар клиникалық ауруханасында дәрігерлер алғаш рет инсульт алған 14 жастағы қыз баласына ашық ота жасап, ажалдан арашалады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, жеткіншектің бас ми қан тамырлары жарылып, салдарынан миына қан құйылған.
Осы жылдың 23 сәуір күні қалалық клиникалық балалар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен 14 жастағы қыз баласы жеткізілген. Дәрігерлер компьютерлік томография жасап, қан тамырларының жарылуына байланысты миға қан құйылғанын анықтапты. Жарылған тамырлар тереңде жатқандықтан, нейрохирургтар шұғыл түрде жасөспірімнің бас сүйегіне ашық түрде ота жасаған.
– Ауыр халде түскен баланы тексеріп, диагнозын дер кезінде анықтай алдық. Сосын жедел түрде ота жасап, бас миының трепанациясы жасалды, мидағы гематома, яғни, ұйыған қанды алып тастадық. Ота жасалған жасөспірім екі күн жансақтау бөлімінде жатып, бөлімшеге ауыстырылды, - дейді балалар ауруханасының бас дәрігерінің хирургия ісі бойынша орынбасары Сарыбай Сұлтан
Дәрігерлердің сөзінше, жасөспірімнің бас сүйегіне ашық түрде жасалған ота сәтті өткен. Науқастың қазір жағдайы жақсы. Медицина мамандары оны апта соңында ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр.