Шымкенттік қария індеттен айықты

Шымкенттік қария індеттен айықты

Шымкент қаласының 70 жастағы тұрғыны Әбдіманап Бейсенбаевкоронавирустың ауыр түрін жеңіп шықты, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Қос өкпесі қабынған қарт 19 маусым күні Асар шағынауданындағы жұқпалы аурулар орталығына жедел жәрдем көлігімен ауыр халде жеткізілген.

Дәрігерлер егде жастағы кісініңжағдайының ауыр болуына байланысты жансақтау бөліміне жатқызған.

Медицина мамандары науқасқа өкпенің компьютерлік томографиясын жасап, қос өкпесі қабынғанын анықтаған. Бұған қоса коронавирус инфекциясы оң нәтиже көрсеткен. Ауыр халдегі науқастың қан қысымы жиі көтеріліп, өкпесінің қабыну пайызы күннен күнге жоғарылаған.

– Өкпесіндегі қабыну күннен күнге көтеріліп, 60 пайызға дейін жетті. Соған қарамастан емді тоқтатпай,антибактериялық терапия, антикоагулянты терапия және қосымша симптоматиялық емдеу шараларын жүргіздік. 19 күн ішінде науқастың жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырдық, - дейді инфекционист-дәрігер Кенжекүл Әділбекова.

Қазір науқастың денсаулығы жақсы. Ол бұған дейін мұндай дерттің бар екеніне сенбей жүрген екен. Ауыр дертті жеңген қария дәрігерлерге алғысын жеткізіп отыр.