​Шымкенттік спортшылар Үндістаннан 4 медалмен оралды

​Шымкенттік спортшылар Үндістаннан 4 медалмен оралды

Құралайды көзге атқан шымкенттік мергендеріміз Үндістандағы әлем кубогында 4 медалді қоржындады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Жерлестеріміз 1 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлделерді иемденді.

18-29 наурыз аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында Стенд және оқ атудан рейтингтік әлем кубогы өтіп жатыр. Бұл тартысты жарысқа әлемнің 53 елінен 300-ге жуық мерген спортшылар қатысуда.


21-ші наурызда әйелдер арасында өткен «SKEET» жаттығуында Қазақстандық спортшы қызымыз Кравченко Зоя 114 ұпай санымен 5-ші болып финалға еніп, тартысты сәтте бір ғана нысанды мүлт жіберіп, Ұлыбритания спортшысы Хилл Емберге жол берді. Кравченко Зоя күміс медал жеңіп алды .

Ал 22-ші наурызда командалық есепте Кравченко Зоя, Насырова Рината және Панарина Ольга 327 ұпаймен финалға екінші болып келіп, байрақты бесекеде алаң иелері Үндістанның әйелдер құрама командасын тізе бүктіріп, алтын медалді қанжығалады.

22 наурызда ерлер арасында өткен додада спортшы жігіттеріміз командалық есепте Почивалов Давид (Шымкент қ.), Ещенко Эдуард (Алматы қ.) және Мухамедиев Александр (Шымкент қ.) 501 ұпаймен финалға еніп, қола медалға қол жеткізді.

23-ші наурызда Қазақстандық 1-ші аралас құрама командасы командалық есепте Панарина Ольга (Шымкент қ.) мен Ещенко Александр (Алматы қ.) 140 ұпаймен финалға екінші болып өтіп, тартысты сайыста күмістен алқа тақты.

Айта кетейік, 23-ші наурызда өткен әлем кубогының медалдық нәтижелері бойынша, Қазақстан құрамасы 3-ші орында болса, 2-ші орында АҚШ, алаң иелері Үндістан құрама командасы көш бастап тұр.