Шымкент қаласының Қаратау ауданында орналасқан «Шымсити» шағынауданындағы жаңа тұрғын үйлердің коммуналдық жүйелерін қандай жағдайда толық іске қосуға болатынын әкімдік тарапынан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz қала әкімдігінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда аталған көпқабатты үйде қоныстанған тұрғындардың саны 70 пайызға жетпеген және қоныстанған тұрғындар тарапынан коммуналдық жүйелерге (ауыз су, электр жарығы, жылу) арналған жеке дербес шоттары ашылмағаны анықталды. Осыған байланысты тұрғындарға толықтай кіреберістегі электр жарығын, лифт жүйесін қосу, пәтерлерге ауыз су жеткізуде қиындықтар туындап отыр. Кездесуде тұрғындарға шұғыл арада үй басқарушысын тағайындап, коммуналдық жүйелерге дербес шоттарын аштыру қажет екендігі түсіндірілді.
Бүгінде құрылыс басқармасы және жауапты мердігер мекеме тұрғын үйдегі анықталған барлық кемшіліктерді ретке келтіру, қайта іске қосу бойынша жұмыстар атқаруда.
Сонымен қатар, тұрғындарға меншік иелерінің бірлестігін құру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қаратау ауданы әкімі аталған мәселені жеке бақылауына алған.
Қосымша сұрақтар бойынша Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының 39-31-80 тел. нөміріне хабарласуға болады.
Фото: Береке Сейітжаппар