Ақпараттық-коммуникациялық орталықта Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков пен "ҚазТрансГаз" компаниясы АҚ газды өткізу және тасымалдау бөлімінің басшысы Жеңіс Қуанышбеков елді мекендерді газдандыру бойынша брифинг берді.
— Бүгінгі таңда қала тұрғындарын табиғи газбен қамту деңгейі 93 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 100 пайызға жеткізу көзделуде. Ал биыл 94,7 пайызға жеткізіледі. Оған жаңадан іске қосылған №3 Газ тарату стансасы толық мүмкіндік береді, - деді Боранбай Нығметұлы.
Өз кезегінде "ҚазТрансГаз" компаниясының өкілі Ж. Қуанышбеков бүгінге дейін бес мыңға жуық тұрғын техникалық шарт алып үлгергенін, газға қосу жұмыстары күзге дейін жалғасатынын жеткізді.
—Техникалық шарт тегін беріледі. Тұрғындар кез келген лицензиясы бар мекемемен келісімшартқа тұрып, монтаждау жұмыстарын жүргізуге құқылы. Ең басты талап жер учаскесінің мемлекеттік актісі мен үйдің техникалық паспорты қажет. Өкінішке қарай, көптеген үйлердің тиісті құжаттары болмай шығуда. Сондықтан тұрғындар арасында түсінбеушілік туындауда. Құжат дұрыс болмай, газды қоса алмаймыз. Өйткені қауіпсіздік бірінші кезекте тұрады, - деді Жеңіс Бауыржанұлы.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Батыс, Тассай, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Тұран елді мекендерінде газ желісінің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Келесі кезекте Сәуле, Ақтас магистралка, Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай елді мекендері тұр.