Жолдардың сапасы – басты назарда

Жолдардың сапасы – басты назарда

Шымкент қаласындағы жолдарды салу мен жөндеу жұмыстарының сапасы жергілікті әкімдіктің қатаң бақылауында тұр. Ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов осылай деп мәлімдеді.

Мақсұт Пернебайұлы шаһардағы жолдардың сапасына қатысты әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерді түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді. Көтерілген проблеманың қатарында Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырық пен әуежай маңындағы веложол да бар.

– Жол мәселесі – әрдайым талқыға түсіп, өзектілігін жоғалтпаған тақырып. Себебі, жолдар – қаланың күретамыры. Өздеріңіз білесіздер, бір ай бойы қаламызда жаңбыр жауып, ауа райының қолайсыздығынан жолдардағы олқылықтар анықталды. Жалпы, қаладағы 4 аудандағы жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстары тиісті мердігерге бөлінген. Қыстан соң пайда болған шұңқырларды жамау жұмыстарының негізгі күрделі бөлігі күз бен көктемде жүзеге асырылады. Әдетте қар еріп, жауын-шашын тоқтаған соң басталатын. Ал биылғы ауа райының ерекшелігіне байланысты мұндай жұмыстар кеш басталып отыр, – деді Мақсұт Пернебайұлы.

Қала әкімінің орынбасары Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырықтың әлі мемлекеттік қабылдауға өтпегеніне тоқталды. Айналма жолдағы Қонаев даңғылының бөлігінде мәселе жоқ, шұңқырдың Рысқұлов көшесіндегі бөлікте пайда болғанын айтқан спикер негізгі жолдың мегаполистегі көлік қозғалысын жақсарту үшін қысқа мерзімде ашылғанын, толығымен биылғы жазда қабылданатынын мәлімдеді. Одан кейін мердігер мекеменің жолдың сапасына беретін 5 жылдық кепілдік мерзімі бар екенін жеткізді.