Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламентінің бірінші сессиясында айтты, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz ҚР Президентінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап
«Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ, елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы
Сонымен бірге ел Президенті 29 қаңтарда өтетін Жоғары Кеңестің отырысында мемлекеттік жоспарлаудың түбегейлі жаңа жүйесін, ел дамуының 2025 жылға дейінгі өзектендірілген Ұлттық Жоспарын және Мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасын бекіту жоспарланып отырғандығын мәлімдеді.
Айта кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясын ашты. Отырысқа Сенаттың 49 депутатының 42-сі, Мәжілістің 107-і депутатының 99-ы қатысып отыр.