Вакцина қабылдау адамзатты құтқарғанмен бірдей

Вакцина қабылдау адамзатты құтқарғанмен бірдей

Абдулхамид Қаттани мешітінде Шымкент қаласының бас имамы Бағдәулет Абдрахманов дін қызметкерлерімен мәжіліс өткізіп, алдағы уақытта имамдар түгел ревакцинациядан өтетінін мәлімдеді.

— Шаһарда 88 мешіт бар, онда 259 имам діни қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес мегаполистегі мешіттер уақытша жабылды. Қоғамда көпшілікпен тығыз байланыста жұмыс істейтін болғандықтан екпе алу дін қызметкерлері үшін өте қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бұрынғы мамыражай күйімізге оралу үшін адамдар вакцина арқылы ортақ иммунитет қалыптастыруы керек, - деді Бағдәулет Нұрматұлы.

Бас имам Ислам діні вакциналау ісіне қарсы емес дегенді айтты. Оның пікірінше, керісінше, Құран Кәрім мен Пайғамбар хадистерінде адамдардың денсаулығын қорғауда көп өсиеттерді табуға болады. Мәселен, Мәида сүресінің 32-аятында Алла Тағала «Кім жазықсыз бір адамды өлтірсе, бүкіл адамды өлтіргенмен тең, ал кім бір адамды құтқарса, барша адамзатты құтқарғандай болады» дейді. Яғни вакцина алмай, індеттің таралуына себепші болып, өзгелердің денсаулығына, өміріне қауіп төндірген адамның күнәсі өте ауыр деген сөз.

— Медицина мамандары екпе маңызды десе, демек шынымен солай болғаны. Әр саланың кәсіби маманына сенім артуымыз керек. Имамдар діни жоралғыларға жауапты, бірақ денсаулық мәселесінде тек медицина өкілдеріне иек артады. Нахль сүресінің 43-аятында Жаббар Жаратушымыз «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» дейді. Бұл аят вакцина бойынша сауалға тікелей жауап болмағанымен, мұсылмандар әрдайым кез келген мәселеде сол саланың маманына жүгінуі қажет. Мұндайда қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген әдемі мақал бар емес пе?! Сондықтан ресми медицинаға бойұсыну, өз денсаулығын сақтау мұсылман баласы үшін уәжіп саналады, - деді Бағдәулет Нұрматұлы.