Мамыр айының соңына дейін Қазақстанға «QazVac» пен «Хаят Вак» вакциналары жеткізіледі, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
- Коронавирусқа қарсы вакциналау жалғасып жатыр. Бүгінде вакцинаның 2,6 млн. дозасы қолданылды. Оның ішінде бірінші компонентпен 1 871 823 адам екпе алды. Екінші компонентпен 778 346 адам қамтылды, - деді министр.
Сонымен қатар ол Бас мемлекеттік санитар дәрігердің Спутник V вакцинасының бірінші компонентінен кейін екіншісін алу аралығын 21-ден 90 күнге дейін ұзартуға қатысты қаулысына өзгерту енгізілгендігін атап өтті. Яғни, азаматтар екінші компонентті біріншісін алғаннан кейінгі 21 күнннен бастап салдыра алады.
- Бүгінде екпе пункттерінде вакцинаның жеткілікті дозасы бар: шамамен 500 мың бірінші компонент және 750 мың екінші компонент. Вакцинаны жеткізу де кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 14 мамырда Қарағанды фармацевтикалық зауытына Спутника V өндіруге арналған субстанция жеткізілді. Қазіргі уақытта вакцинаның 1,2 млн дозасын кезең-кезеңімен өндіру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар айдың соңына дейін қосымша KazVac және Хаят Вак вакциналарының жеткізілетіндігі күтіледі, - деді Алексей Цой.