Жапонияда қазақтар қауымдастығы құрылды,- деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлімдеді.
Қауымдастықтың ашылу салтанаты Жапониядағы Қазақстан Елшілігінде өтті.
Мәлім етілгендей, Жапонияда осындай қоғамдық ұйым алғашқы рет құрылып отыр. Оның мақсаты – аталмыш елде тұратын Қазақстанның азаматтары мен қандастарды біріктіру және өзара қолдау көрсету.
Қазақстан Елшілігінің деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта Жапонияда тұрақты негізде жұмыс істеп немесе оқып жүрген еліміздің 191 азаматы және Қытай, Моңғолия мен Өзбекстаннан барған 70-ке жуық қандас тұрады.
- Іс-шара барысында «Juntendo» университетінің клиникасында хирург болып жұмыс істейтін қауымдастықтың басшысы Әбдібек Қалыбек бірлестік қызметі туралы таныстырлым өткізді. Кәсіпкерлер арасында өзара ынтымақтастықты орнату, мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру және ақпараттық қолдау қауымдастық қызметінің негізгі бағыттары ретінде айқындалған.
Қазақстан Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Жапонияда тұратын отандастар өздерінің бірлігін көрсетіп, Қазақстан халқына гуманитарлық көмек жіберу үшін күш біріктіргенін және соның нәтижесінде қауымдастық құру идеясы туындағанын мәлімдеді, - делінген ҚР СІМ ақпаратында.
Ашылу рәсімі барысында Жапониядағы қазақтар қауымдастығы мен «Отандастар» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға онлайн форматта қол қойылды. Айта кетейік, 2018 жылдан бері Жапонияда қазақстандық студенттер қауымдастығы жұмыс істейді.