Шымкент қаласының жеңіл атлетикалық спорт кешенінің ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында биыл спорт ғимаратының шатыры, жеңіл атлетикалық жабындысы, сыртқы және ішкі ғимараттарының жөндеу жұмыстары жүргізілді.Осылайша қала спортшыларына сапалы жаттығу жасауға мүмкіндік жасалып отыр.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жөндеуден өткен спорт ғимаратын аралап көрді. Қала әкімі шаһарда бұқаралық спортты дамыту, қолжетімді спорт нысандарын көбейтуде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне назар аудару қажеттілігі айтылды. Бүгінде қала аумағында спорт алаңшалары жоқ тұрғын алаптар мен шағынаудандарда тренажерлер мен «Street workout» алаңшаларының құрылысы жүргізілуде. Президент бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуда нақты міндеттерді белгілеп берді. Қалада спорт мектептерінің желісі кеңеюде, спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдердің саны артуда, тиісінше кадр даярлау мәселесі де оң шешімін тауып келеді, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, шаһар басшысы қаланың жеңіл атлетика құрамасының дайындығын тамашалап, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.