«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 50 көшеге QR-коды бар тақтайша орнатылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл тақтайшалар Әл-Фараби ауданындағы Ақжайық, Наурыз, Сәуле, Отырар, Көркем (Забадам), Химфарм, Самал-2 және Түркістан (Бам)шағынаудандарының орталық көшелеріне ілінген.
«Аталған жұмыстар ағымдағы жылы өткізілетін «ҚР халқының ұлттық санағын» тиімді әрі жоспарлы түрде өткізуге мүмкіндік береді. Себебі тақтайшадағы QR-кодты тұрғындар ақпараттық көмек құралы ретінде пайдалана алады. Бұл бірегей қосымша орнатылған нысан жайында кеңінен таныстырып, бірнеше функционалдық қызмет түрін көрсетеді», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыру мақсатында өткен жылы Әл-Фараби ауданында 672 көпқабатты тұрғын үй мен 75 көшеге QR код және индексі жазылған тақтайшалар орнатылған болатын.