Биыл 2 500 жас жұмыспен қамтылады

Биыл 2 500 жас жұмыспен қамтылады

Жұмыспен қамту орталығы жыл басынан Жастар практикасы бағдарламасы негізінде 600 жасты алғашқы жұмыс орнына жолдама берген. Ал жыл соңына дейін осы бағытта 2 500 жас уақытша жұмысқа орналасады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

«Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты аясында жұмыспен қамтылған жастарға 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде еңбекақы төленеді.

Осы бағдарламаға арқылы Айбарша Бескен бүгінде «Назира-Б» бала-бақшасында алғашқы еңбек жолын бастады. Ол Сайрам медициналық колледжінің 2020 жылғы түлегі. «Емдеу ісі» бағыты бойынша білім алған жас маман жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмыссыз ретінде тіркелген. Жастар практикасы негізінде Айбарша Қадірханқызы биыл сәуір айында өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

– Оқуды бітірген соң еңбек өтілімім болмағандықтан бір жылға жуық жұмыссыз жүрдім. Жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы бағдарламаға жөнінде хабарландыруды көріп, орталық мамандарының көмегіне жүгінуді жөн көрдім. Ол жерде мамандар маған бірнеше жұмыс орнын ұсынды. Таңдауым бала-бақшаға түсті. Осы бағдарлама арқылы уақытша болса да жұмысқа орналасқаныма қуаныштымын, - бағдарлама қатысушысы.


Бағдарлама талабы бойынша қатысушының жасы 29-дан аспауы және «жұмыссыз» мәртебесі болуы керек. Сонымен бірге соңғы үш жыл ішінде (2018-2020ж.) жоғарғы оқу орындары мен коллед түлектері тек бір рет қатысуға мүмкіндігі бар.

Айта кетсек, өткен жылы Жастар практикасы арқылы 3 мыңға жуық жас уақытша жұмыспен қамтылған. Оның 536-сы мерзім аяқталған соң тұрақты жұмысқа орналасқан.