ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков Шымкент қаласы тұрғындарымен кездесу өткізді. Сала ардагерлері, белгілі жаттықтырушылар, спортшылар, спорт мектебі басшылары қатысқан жиында қалада атқарылған жұмыстар, реформалар сараланып, азаматтар көкейдегі сауалдарын қойды. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты.
Бауыржан Серікбайұлы алдымен министрлік тарапынан спорт және туризм саласында жүзеге асырылған жұмыстар және Шымкент қаласында бұқаралық спорттың дамуы, спорттық инфрақұрылым, жоғары жетістіктер жөнінде баяндама жасады.
- Қазіргі таңда елімізде спортпен және дене шынықтырумен шұғылданатындар саны 8,4 млн-ды құрайды. Ол халықтың 41,4 %-ы, ауылдық жерде – 3,1 млн адам. Бұл көрсеткіш Шымкент қаласында 46,9 % немесе 547 мың адам. Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру жалғасуда. Биыл 300 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдар 50 млрд теңге қаражат бөлді.
Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру шеңберінде өңірде спорттың 18 түрі бойынша 16 мыңнан астам бала мен жасөспірім қамтылды, - деді вице-министр.
Осы жылы елімізде 135 спорт нысаны салынды. Жақын арада тағы 21 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Биыл Шымкент қаласының Қаратау ауданында аумағы 26 гектарды құрайтын жаңа футбол стадионының құрылысы басталды.
Бұдан басқа, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен модульді жылдам салынатын екі спорт нысаны құрылысы жүргізілуде, оларды жуырда іске қосу көзделген.
Еңбекші ауданындағы Бадам және Қарабастау елді мекендерінде тағы 2 модульді жылдам спорт нысанының құрылысы демеушілер тарапынан жүргізіліп, алдағы уақытта пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, Паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде, құрылыс жұмыстары 2026 - 2027 жылдарға жоспарланған.
Кездесу барысында қала тұрғындары, спорт мамандары Олимпиада жүлдегерін дайындаған бапкерлерге үстемақы төлеу мәселесі, олимпиадалық емес спорт түрлерін қаржыландыру, Қысқы Олимпиада ойындарына журналистерді аккредиттеу және тағы басқа мәселелер бойынша сауалдарын қойды.
Вице-министр барлық сауалдарға жан-жақты, толыққанды жауап берді.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды дене шынықтыруға тарту басым бағыттар болу қажет екенін айтып, шаһарда спорт және туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
«Шымкент келбеті»