​Биыл Шымкентте 115 заманауи спорт алаңы салынады

​Биыл Шымкентте 115 заманауи спорт алаңы салынады

Биыл Шымкентте 115 заманауи спорт алаңы салынады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлінеді. Яғни, 2021 жылы 115 заманауи спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, «Металлург» стадионы мен 12-ші Балалар мен жасөспірімдер спорт-мектебінің спорт кешендерінің құрылысы аяқталады, – деді шаhар басшысы.

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу жөн екенін айтқан қала әкімі биыл қалада 117 мыңнан астам оқушылар арасында Жастар спорт лигасы өтетінін жеткізді.

Мұрат Дүйсенбекұлының сөзінше, Жастар лигасы спорттың төрт түрінен (футбол, волейбол, баскетбол, шахмат) өтеді. Сайыстың жалпы жүлде қоры – 80 миллион теңге. Қаржы әлеуметтік қордан беріледі. Ал аталған қаржы төрт спорт түрінен жеңген мектептердің дамуына жұмсалады.