Қазақстандық ғалым 15 минутта коронавирусты анықтайтын экспресс-тест ойлап тапты

Қазақстандық ғалым 15 минутта коронавирусты анықтайтын экспресс-тест ойлап тапты

Назарбаев университетінің түлегі, жас ғалым Болат Сұлтанқұлов коронавирусты 15 минут ішінде анықтай алатын жедел тест әзірлеп шықты, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі baq.kz сайтына сілтеме жасап

Қазіргі таңда коронавирус инфекциясын анықтауға арналған экспресс-тесттің орташа құны - шамамен 7000-9000 теңге, ал оның нәтижесін екі тәулік, тіпті кейде одан да ұзақ күтуге тура келеді.

Тест жолағы жүктілікті анықтайтын тестке немесе антиденелердің стандартты экспресс-тестіне ұқсайды, бірақ оның басты айырмашылығы – тест антиденелерді емес, вирустың өзін анықтап береді.

Болаттың мұндай тест жасауына коронавирустың алғашқы толқыны түрткі болған. Ғалым 2020 жылдың наурыз айында нанодене жасаумен айналысатын шетелдік серіктестерді іздей бастайды. Сәуір айында Nature журналында Маркус Зиглердің жетекшілігімен швейцариялық топтың хаттамасы жарық көреді. Олар наноденелерді емдеудің жаңа әдісін құрастыру үшін жасайды. Бұл зерттеудің ерекшелігі сол – наноденелер синтетикалық жолмен алынады, яғни бұл үшін оларды әдеттегідей жануарлардың бойында өндірудің қажеті жоқ. Ғалымдар маусым айында Болатпен RBD коронавирус ақуызына қарсы наноденелермен бөліседі және кейінгі алты ай ішінде тест жасау жұмыстары қыза түседі.

Мен пандемиямен күреске ғалым ретінде өз идеяларыммен көмектесе алатынымды түсінемін. Бұл тестті жасаудағы басты себеп – диагностиканың құнын төмендету. Бірқатар қазақстандық үшін ПТР-тесттің құны отбасылық бюджеттің маңызды бөлігі. Әзірленген тест ПТР-ге қарағанда әлдеқайда қолжетімді болады. Екіншіден, үйде талдау жасау үшін қымбат жабдықтар мен мамандарды қажет етпейтін тест жүйесін жасағым келді. Мұндай тез және сезімтал тест эпидемиологтардың жұмысын жеңілдетеді және пациенттердің шектен тыс ағымы кезінде денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін азайтады. Яғни, азамат әуежайға немесе сауда орталығына кірген кезде бірнеше минут ішінде тест нәтижесін ала алады. Бұл вирустың таралуын едәуір төмендетеді, - дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

Жедел тесттің тағы бір маңызды ерекшелігі – оны түрлі биоматериалдарда қолданылуы, бұл ПТР тиімсіз болуы мүмкін үлгілерде инфекцияны диагностикалауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта ғалым тест жүйесінің прототипін жасап, зертханалық материалдағы сезімталдық пен талдау жылдамдығының параметрлерін анықтауға қол жеткізген. Ол наноденелерді алтын бөлшектерімен байланыстыруды оңтайландыруға көп уақыт кеткенін айтады. Енді жедел тест вирустың аз мөлшерін тани алады.