Қазақстанда COVID-19-ға қарсы QazCoVac-P суббірлікті вакцинасының клиникалық сынағы басталды. Бұл вакцина Тараз қаласындағы көпбейінді қалалық ауруханада 18-50 жас аралығындағы еріктілердің қатысуымен жүргізіледі, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі
Бұл жөніде Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ресми сайтында жарияланды.
– Денсаулық сақтау министрлігі SARS-CoV-2 вирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде жасалған QazCoVac-P суббірлікті вакцинасын I және II фазада клиникалық зерттеу жүргізуге рұқсат берді. Бұл - БҚПҒЗИ-дың Денсаулық сақтау министрлігінің мамандандырылған кәсіпорнында клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өткен және өзінің қауіпсіздігін көрсеткен екінші вакцинасы, - делінген ресми хабарламада.
Вакцина жасауға қатысқан мамандар молекулалық биологияның заманауи технологияларын пайдалана отырып, SARS-CoV-2 вирусының RBD және N ақуыздары шығаратын иммундық жүйеге таныс бактериялардың штаммдарын алған.
Вакцинаның адам ағзасына түскенде кері әсері болмас үшін алынған ақуыздар күрделі тәсілдермен тазартылып, сапа бақылауынан өткен көрінеді. Яғни, вакцина құрамында бактериялық штамм болғанымен, вирустың өзі жоқ.
– Вакцина егілген зертхана жануарларының бұлшықетіне екінші дозаны енгізгеннен кейін иммунитетті 14 тәулікке ынталандырады. Суббірлікті вакциналар да инактивті вакцина сияқты, құрамында тірі патогенді компонент жоқ және өте қауіпсіз. Вакцинаның құрамындағы адъювант вакцинацияланушының ағзасына теріс әсер етпей, иммундық жауапты тиімді ынталандырады. Бұл вакцинаның құрамына тек қажетті антигендер кіреді және вирустың басқа компоненттері кірмейді. Осының арқасныда жанама әсерлер аз кездеседі. Мысалы, тұмауға, В гепатиті мен пневмококк, менингококк және гемофильді инфекцияларға қарсы осы типтегі вакциналар егіледі, - деп жазылған институттың сайтында.
Айта кетсек, коронавирусқа қарсы алғашқы отандық препаратпен вакциналау 26 сауірде басталған болатын.