2024 жылдың 9 айында қазақстандықтардың таза инвестициялық кірісі шамамен 2,09 трлн теңге болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен ол 716,3 млрд теңге немесе 52,3% артық.
Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен салымшылар мен алушыларға 2,08 трлн теңге мөлшерінде инвестициялық кіріс түсіп, 1,85 трлн теңге болатын осы жарналар көлемінен асты.
Тек 2024 жылдан бастап аударыла бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) бойынша таза инвестициялық кіріс 9,06 млрд теңге болды. Жарналардың бұл түрінен қалыптасқан жинақ көлемі – 160,6 млрд теңге.
2024 жылдың 9 айында БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан, ҚР Ұлттық Банкі басқаратын зейнетақы активтерінің кірістілігі осы кезеңдегі инфляция 5,7% болған кезде 11,22% көрсетті. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ның жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің кірістілігі – 8,87%.
Қордың зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы кірістілігін қарастырсақ,2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша инфляция 8,3% құрағанда ол 12,47% болды.
Инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. тұрады. ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) инвестициялық портфельді үнемі әртараптандырып отырады. Яғни, зейнетақы активтері түрлі қаржы құралдарына, валюталарға инвестицияланып, нарықтағы жағдайға қарай үнемі қайта бөлініп орналастырылады. Қордың enpf.kz сайтына ай сайын орналастырылатын ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық қызметіне жасалған шолуда, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша кірістер құралдардың барлық түрлері бойынша алынғандығы көрсетілген.
Ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақталған инвестициялық кірістілік те инфляциядан асып түсті. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2024 жылғы 1 қазанға өспелі қорытындымен жинақталған кірістілік бүкіл кезеңдегі инфляция 803,01% болғанда, 919,3% көрсетті.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшыныңenpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.
Көптеген маңызды және пайдалы ақпаратты, соның ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесі сарапшыларының зейнетақы активтерін инвестициялау туралы сұхбаттарын-БЖЗҚ ЕНПФ YouTube-арнасынан көруге болады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).