Бүгінде қазақстандық өндірушілер теңсіз жағдайда жұмыс істеп жатыр. Ішкі нарықта жиі арзан әрі шетелден субсидияланатын импорттық тауарлар үстем. Тоқыма, тамақ өнеркәсібі, электроника және машина жасау салаларында бәсекелестік әсіресе қатты сезіледі. Мәселе тек бағада емес — шетелдік компаниялар өз елінде жүйелі қолдау алып отырса, отандық кәсіпорындар бюрократия мен инфрақұрылым тапшылығымен күресуде.
Көмек қажет жерде кедергілер пайда болуда. Өнімді сертификаттау, тіркеу, лицензиялау — мұның бәрі уақытты, қаражатты, тіпті жүйкені қажет етеді. Бұл әсіресе шағын бизнеске ауыр тиеді: мұндай процедуралар олардың экспорттық әлеуетін бастапқы кезеңде-ақ тұншықтырады.
Бүгінде елде 45 индустриялық аймақ бар, алайда олардың тек 60%-ы ғана тиімді жұмыс істеп тұр. Оны үстіне инфрақұрылым – тағы бір әлсіз тұс. Елімізге индустриялық парктер, бизнес-инкубаторлар, логистикалық хабтар және заманауи өндірістік алаңдар жетіспейді. Бұл – тек инвестициялар емес, аймақтардың даму мүмкіндігін де жоғалту деген сөз.
Сұраныстың шетелге кетуін тоқтатып, жергілікті өндіріске мүмкіндік беру үшін бір реттік акциялар емес, келісілген әрі жүйелі саясат қажет.
Не істемек керек?
Салықтық жеңілдіктер мен демалыс кезеңдері. Жаңа және инновациялық
кәсіпорындарға – жеңілдіктер, субсидиялар және гранттарға қолжетімділік қажет. Қазір олар үшін әкімшілік рәсімдер лабиринт іспеттес, ал мұндай жағдайда тиімді емес, бірақ «қағаз жүзінде сауатты» ойыншылар ғана жеңіске жетеді.
Арзан қаржыландыру. Оңтүстік Кореяның үлгісіне назар аударғанымыз жөн. 2024 жылы ғана бұл елде пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға 200 млн доллардан астам қаржы бөлінген. Бұл жай ғана «қолдау» емес, ол өндірістік инвестицияларды іске қосатын нақты механизм.
Жаңа форматтағы индустриялық аймақтар құру.Қытай тәжірибесі
(мысалы, Сучжоу индустриялық паркі) өндірістік экожүйені сауатты құрудың бірнеше есе экономикалық нәтиже беретінін көрсетті. Қала аумағының небәрі 3,4%-ын алып жатқан Сучжоу паркі қала ЖІӨ-нің 15%-ын қамтамасыз етіп отыр.
Импортты қатаң бақылау және міндетті сертификаттау. Сөрелерде заңды тауарлармен қатар контрабанда да тұрған кезде әділ бәсекелестік туралы сөз қозғау қиын. Сапаны бақылаудың әлсіздігі – отандық өндірушілерге және тұтынушылар сеніміне тікелей соққы.
Кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту. Әрбір инженер – кәсіпкер бола алмайды.
Сингапурдың Startup SG Founder бағдарламасы (грант+менторлық қолдау) бизнесті тек аман алып қалуға емес, өсіруге және кеңейтуге көмектеседі. Бізгедәл осындай кешенді тәсіл ауадай қажет.
Ерекше өтерлік жайт — 2026 жылдың қаңтарынан бастап іске қосылуы жоспарланған Отандық тауар өндірушілердің Бірыңғай тізілімі. Бүгінгі күні өндірушілер туралы мәліметтер әртүрлі платформаларда шашыраңқы, жүйелер арасында сәйкестік жоқ және тауардың шығу тегін қолмен растау талап етілуде. Тізілімнің шынайы жұмыс істеуі үшін ол автоматтандырылған тексеруді қамтуы, мемлекеттік сатып алу порталының ақпараттық жүйесімен, бюджеттік жүйемен, «Атамекен» ҰКП платформаларымен интеграциялануы және барлық мүдделі тараптар үшін онлайн-қолжетімді болуы тиіс. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, бюрократияны азайтып, бизнестің жеңілдіктерге қолжетімділігін кеңейтеді.
Дұрыс құрылған тізілім жергілікті өндірісті қолдаудың маңызды құралына айналып, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етіп, инвестициялар мен жаңғыртуды ынталандыра алады. Кешенді және цифрлық тәсілсіз ол сенімділік тудырмайтын формальдылықта қалу қаупі бар. Тек шынайы технологиялық шешім оны есептіліктегі кезекті белгі емес, өсу драйверіне айналдыра алады.
Қорытынды орнына: егер біз отандық өндірушілердің нарықты, жұмыс орындарын және болашағын жоғалтып жатқанын қарап қана отыра берсек, жақын болашақта тұтынушы рөлінде ғана қаламыз. Нақты секторсыз ел экономикалық тұрғыдан тәуелсіз бола алмайды. Енді сөз емес — жүйелі, ашық әрі технологиялық шешімдер уақыты келді.