Екі күн алдын Шымкент қаласында басталған пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары бүгін салтанатты түрде марапатталды. Республика күні мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі жоғары деңгейде өтті.
Екі күн бойы өткен зияткерлік додада еліміздің әр аймағынан келген 120-дан астам команда екі лига бойынша бақ сынады. Пікір мен ой, шешендік пен дәлел сайысында ең үздіктер анықталып, жеңімпаздар марапатталды.
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман турнирдің жастар үшін маңыздылығын атап өтті. «Бүгінгі турнир Республика күні мен Егемендік декларациясының 35 жылдығына арналған ерекше іс-шара болды. Бұл жарыс тек пікірсайысшылардың емес, елдің азаматтық белсенді жастарының қоғам игілігі жолындағы еңбегінің көрінісі десек дұрыс болады. Осындай республикалық деңгейдегі турнирлер жастардың сыни ойлауын, шешендік қабілетін және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға үлкен серпін береді», деді ол.
Финалдық кезеңде Алматы қаласы мен Түркістан облысының үздік пікірсайысшылары өзара тартысты ойын көрсеткен. Турнирге қатысқан пікірсайысшы Ақдәулет Сейсенбаев дода барысында қозғалған тақырыптардың өзекті болғанын жеткізді. Оның сөзінше, турнирде әр өңірдің өз ерекшелігі, өз көзқарасы айқын көрінді. Әсіресе жастардың білім көші-қоны және білім жүйесін дамыту мәселесі ең күрделі тақырыптардың бірі болған. «Біз Шымкент қаласындағы білім мигранттарының әлеуетін арттыру жолдарын талқыладық. Егер жергілікті әкімдік пен жоғары оқу орындары бірігіп, жастарға нақты мүмкіндік ұсынса, қаланың білім орталығы ретіндегі мәртебесі арта түсер еді», деді ол. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі Ағабек Бақтиярұлы турнирдің тек жарыс емес, рухани және интеллектуалды тәжірибе алаңы болғанын айтады.
«Пікірсайыс – тек сөз жарысы емес, білім мен ізденісті қажет ететін орта. Турнир барысында мен үшін ең есте қалған тақырыптардың бірі рақымшылыққа байланысты қарар болды. Біз бұл тақырыпты талқылау кезінде амнистияның әділеттілік пен гуманизм қағидаттарына негізделуі керек екенін айттық. Мұндай пікірталастар жастардың қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауына мүмкіндік береді», деді жас ұстаз.
Салтанатты марапаттау кезінде турнирдің бас қазысы Шәкен Азамат қатысушылардың деңгейіне жоғары баға берді. «Бұл турнирге қатысқан әрбір азамат өз алдына жеңімпаз. Себебі сіздер көптеген командалар арасынан іріктеліп, финалға дейін жеттіңіздер. Осындай жоғары деңгейдегі турнирдің өтуіне қолдау көрсеткен қала әкімдігі мен барлық ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін», деді ол.
Жастардың ой еркіндігін, шешендік қабілетін және қоғамдық белсенділігін арттыруды мақсат еткен бұл пікірсайыс Шымкент жастарының интеллектуалды әлеуетін айқындаған маңызды іс-шара болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да мұндай республикалық деңгейдегі пікірсайыстар дәстүрлі түрде өткізіліп, жастардың білім мен ой бәсекесіне деген қызығушылығын арттыру жалғасын таппақ.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»