«СЕРПІН» БАҒДАРЛАМАСЫ: ТАЛАПКЕРЛЕРДЕН ҚҰЖАТТАР ҚАБЫЛДАУДА

«СЕРПІН» БАҒДАРЛАМАСЫ: ТАЛАПКЕРЛЕРДЕН ҚҰЖАТТАР ҚАБЫЛДАУДА

Еліміздің жоғары оқу орындарында 13 шілдеден бері білім беру гранттарының конкурсына қатысуға өтініштер қабылдану басталды.Ол 24 шілдеге дейін жалғасады. Биыл құжат тапсыру eGov арқылы онлайн және қабылдау комиссиясы арқылы офлайн форматта жүргізіліп жатыр. Талапкерлерге оқуға түсу үшін жеке куәлік, тестілеу сертификаты, орта білім туралы аттестат және өзінің 3-те 4 суреті қажет.

2014 жылдан бері жүзеге асырыла бастаған «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады.Қазір халықтыңжобаға деген қызығушылығы зор. Бұл жоба жастардың сапалы білім алып,тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген, оның ішінде, 2024 жылы алғаш рет колледж түлектері үшін 400 астам грант қарастырылған. Оның ішінде педагогика - 2500-ден астам; инженерия, өңдеу және құрылыс саласы - 700-ге жуық; IT - 300-ге жуық; ауыл шаруашылығы және биоресурстар - 70-ке жуық.

Осы жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен қамтамасыз етіледі.

"Серпінге" бес облыс – Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы мен Жетісу облыстарының ауыл түлектері қатыса алады.

«Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтсақ, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Оқу бітірген соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа кеңейтілген.

Біздің өңір бойынша қаламыздағы М.Әуезов университетінің базасында «Серпін» бағдарламасына қатысатын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясының да жұмысы басталып кетті. Еліміздің солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінен келген 15-тен астам астам ЖОО өкілдері талапкерлерге білім бағдарламасы және оқу орындарының мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беруде. Олардың қатарында Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық унверситеті, М.Дулати атындағы Қостанай инженерлік-экономика университеті, Рудный индустриялық универсиеті, Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, Шәкәрім университеті, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетi, Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, сонымен қатар М.ҚОЗЫБАЕВатындағы Солтүстік Қазақстан Университеті бар.

–13-20 шілде аралығында документ қабылдаймыз. Біздің университет Аризона университетімен бірлескен бағдарламасын ұсынып отыр,яғни, қос дипломды бағдарлама. Осы квота бойынша 500 грант бөлінген. Осы бағдарлама арқылы студенттер екі диплом алып шығады. Педагогикалық мамандықтарға 75 баллдан жоғары, техникалық, ауылшаруашылық мамандықтарына 50 баллдан жоғары болса, грантқа түсуге мүмкіндік бар. Жалпы оңтүстік өңірдің жастарының қызығушылығы жоғары, – дейдіМ.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Университетінің өкілі Мәншүк Сәбитқызы.

«Шымкент келбеті»