Шымкентте қазір 18 732 орындық 32 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 10 222 орындық 20 білім ұясы пайдалануға берілсе, оның 16-сы жекеменшік, деп хабарлайды Shymkentaqparat
– Білім саласында қуанышты жаңалық бар. Шымкент жаңа оқу жылын апатты мектепсіз бастайды. Үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға дейін төмендейді. Мұнда инвесторлардың үлесі зор болып отыр. Жалпы 2025 жылға дейін Шымкентте 68 500 орындық 72 мектеп бой көтереді, - деді қала әкімі М.Әйтенов ОҚК алаңында өткен баспасөз брифингте.
Қала әкімі биыл мектептердің материалдық-техникалық базасына көп көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті.
– Мектептерді жабдықтауға 7 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралды. Қала мектептеріндегі оқу кабинеттерінің небәрі 32 пайызы жабдықталған. Сол себепті мектептер физика, химия, биология, робототехника, СТЕМ-ге арналған 278 арнайы пәндік кабинетпен жабдықталады. Жабдықталу 32 пайыздан 60 пайызға өседі, -деді ол.
Шымкентте іште әжетханасы жоқ 36 мектепке қосымша әжетхана салынып жатқанын және жаңа оқу жылында бұл мәселе толық шешімін табатынын айтты.
Сонымен бірге замануи бейнебақылау мен адамның түр-тұлғасын анықтайтын цифрлық жүйесі жаңа оқу жылына дейін 100 пайызға орнатылады.