ШЫМКЕНТТЕ ЕУРО СТАНДАРТҚА САЙ ӨНІМ ШЫҒАДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ЕУРО СТАНДАРТҚА САЙ ӨНІМ ШЫҒАДЫ

Шымкент мұнай өңдеу зауыты 2029 жылға қарай қуаттылығын 12 миллион тоннаға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл жайында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов баспасөз отырысында мәлімдеді. Осы орайда, арнайы жол картасы да жасалып, инвесторлар қосымша 6 миллиард доллар қаржы салмақ ниетте екенінде жеткізді.

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасын іске асырғаннан кейін шикізатты өңдеу тереңдігі артып, мұнай өңдеу бойынша зауыттың қуаты жылына 6 млн тоннаға дейін ұлғайды деп күтілуде. Айта кетейік, тауарлы сұйықталған газ, пропан пропилен және бутан бутилен фракциясы Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына сәйкес келетін автобензин компоненті сияқты жоғары сапалы өнімдерді шығару қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 млн тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 млн тоннаға дейін артып отыр. Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі. Зауыт бүгінгі таңда ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Баспасөз отырысы барысында басқарма басшысының орынбасары іске асырылған жобалар мен 2024-2028 жылдарда іске асырылатын жобаларды атап өтті. Осы жылдың соңғы 5 айында мегаполиске 203,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117,4% құраған. Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен түскен инвестициялар көлемі 29,5 млрд теңгенің төңірегінде болса, жекеменшік инвестициялар  174,2 млрд теңгеге жеткен. Жалпы биыл қалаға 928,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда екен. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда  28,2 %-ға артады деп күтілуде.     

«Шымкент Келбеті»