Шымкентте қызғалдақ гүлдеді

Шымкентте қызғалдақ гүлдеді

Шымкент қаласының символы болып табылатын қызғалдақ бүгінде гүл ашып, үшінші мегаполистің ажарландыра түсті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Қаланы көріктендіруші мамандар гүлдерді арнайы кескіндердің ізімен еккен. Қызғалдақтар, мысалы, ұлттық ою-өрнектер, қаланың логотипі мен геометриялық кескін пішінінде гүлдеп тұр.

Мамандардың айтуынша, қызғалдақ бір айға жуық уақыт бойы гүлдеп тұрады. Содан кейін жазға қарай олардың орнына басқа гүлдер егіледі. Жаздық гүлдер де көгалдардың, субұрқақ кешендері мен қала көшелерінің көркін аша түспек.

Айта кетейік, Қызғалдақ (латын.-Tulipa, түрік.-Lale, орыс.-Тюльпан) дархан даланың, көктеудің, қырдың және маусымдық қоныстың сәні екені белгілі. Қызғалдақ – Жаратушы Иенің адамзатқа берген сыйы. Ол көктемде гүлдеп, кең жазира қазақ даласын ғажайып бір күйге бөлейді. Бір қызығы: екі жыл өмір сүретін бұл нәзік гүл көктем келіп, шуақты Наурыз айы туғанда, бар жоғы 7 күн, кейде 15 күнге дейін гүл ашып тұрады екен.

«Наурыздың символы» аталған қызғалдақ республикамыздың оңтүстік-шығыс таулы аймағы мен шөлейтті даласында көптеп өседі. Әсіресе, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, Талас Алатауы мен Шу-Іле таулы аумақтарында грейг қызғалдағы өседі.

Қазіргі таңда әлемде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде 75-ке жуығы жабайы және кең жайылған 150 түрі кездеседі. Елімізде қызғалдақтың 30-дан астам түрі болғандықтан, «Қазақстан – қызғалдақтың отаны» болып есептеледі.

Зерттеушілердің айтуынша, «лале» (қызғалдақ) cөзі «тюрбан» (ер және әйел бас киімі) мағынасына келетін парсыша “delband” немесе “tülbent” сөзінен шыққан. Жалпы алғанда, қызғалдақты тюрбан пішінде шығыс бас киіміне ұқсатқан және осы атау берілген.


– Бірнеше сантиметрден 60 сантиметрге дейін өсетін бұл гүлдің көк түсі болмайды. Бірақ, басқа бірнеше түсті түрлері бар.

– Қызғалдақ, бір түптен бір гүл өседі. Дегенмен бір түптен төрт гүл ашатын түрлері де кездеседі.

– Қызғалдақтың отаны Азия, Қазақстан болып саналады. Бірақ, алғаш рет Голландияда өсірілген. Cолайша Еуропаға кең таралып, танымал болып кеткен.

– Қызғалдақты Голландияда ең алғаш фламандық ботаник Карл Клузиус немесе Шарль де Леклюз (Charles de l'Écluse) 1593 жылы Лейден университетінің ботаникалық саябағында өсіре бастайды. Нәтижесінде, 1594 жылы қызғалдақтың Нидерландыда өсіре бастауы ресми тарихи маңызға ие болған.

– Қызғалдақ – танымалдығымен әлемде 3-ші орынға ие.

– Қызғалдақ жұлынып вазаға қойылғаннан кейін 2,5 см-ге дейін өсе береді.

Қазақ қолөнерінде қызғалдақ бейнесі ұлттық бұйымдарымызда да орын алған. Атап айтар болсақ, білезік, сақина, қамзол қапсырмалары, тері белдік, ағаштан жасалған жиһаздар мен ер-тұрман бұйымдары. Гүл пішіндері текемет, кілем, алаша, сырмақ және кестелерде де бейнеленген. Ісмер шеберлердің қолымен қоржын-дорбаларға, киіз үй жабдықтары мен ұлттық киімдерге де қызғалдақтың бейнесін салып, кесте тігіп, безендірген.

– Қызғалдақ, Түркияның ұлттық гүлі ретінде қабылданған. Түрік елінің Мәдениет және туризм министрлігінің логотипінде қызғалдақ бейнеленген.

– Қызғалдақ, Паркинсон ауруы Қорының ресми символы ретінде де бейнеленген.

– Әлемдегі ең үлкен қызғалдақ мейрамын мамыр айы бойы канадалықтар тойлайды. Бұл шара Dows көлінен Оттава өзеніне дейін созылады.

– Ал Ыстамбұл тұрғындары жыл сайын «Қызғалдақ фестивалі» өткізеді. Фестивальде көшелер, саябақтар, бақшалар мен алаңдар түрлі-түсті гүлді «кейіпке» енеді. Көз тартар қызғалдақтар мен жанды концерттер адамдарға керемет көңіл-күй сыйлайды. Сурет көрмелері, спорттық шаралар фестивальдің ажарын одан әрі аша түседі.